суббота, 10 января 2009 г.

Компьютерлік вирустармен соғыстың ақтөбелік амалы





Ақтөбедегі фотосалондардың бірі компьютерлік вирустардың данасын елу теңгеден өлтіре бастады. Онысы аздай, беттері шімірікпестен, вирус өлтіргені үшін тауар чегін ұсынуға да әзір.

Сенбесеңіз құжатқа (суретте) көз жүгіртіңіз: фотоқызметтер (флеш-кардтан фото шығарып беру) үшін 14 суретке 30 теңгеден 420 теңге, және 1 ВИРУС (өлтіргені үшін деп оқыңыз) үшін 50 теңге.
Әрине, мұндайға алғаш рет тап болғандықтан, принципке барған басым, чек беруін талап еткен едім. Берді. Жеке адам ретінде сұрағаным. Ал расында заңды тұлғаларда есеп-қисап жүргізгенде «вирус өлтіргені үшін» деген бап пайда болғаны ма екен?
Фотосалон қызметкерінен, мұндай «қызметтің» таяуда пайда болғанын білдік.
«Күніне қанша вирус өлтіресіз» деген сауалымызға, «аз, небары бір-екі вирус өлтіреміз» деп жауап қатты. «Бұл түріңізбен клиенттеріңіздің барлығы қашып кетеді ғой» десек, «есесіне вирустар көбейіп жатыр» дейді.
Ұялған тек тұрмастың керін келтірген салон қызметкері «керісінше, клиенттердің күн санап артып бара жатқанын» алға тартты.
Қош, солай болсын делік. Жалпы, мұндай қызмет түрінің енді қыза түсетін cыңайы бар делік.
«Бүйтіп ақша табуға әлемдік қаржы дағдарысы ықпал еткен бе» дедік бізде. «Мүмкін» деді әлгі қызметкер.
Бәлкім ақша табудың небір түрін ойластыратын оңтүстік облыстардың «новаторлары» үшін бұл таңсық та болмауы мүмкін. Ал Ақтөбеде расында бұл жаңашылдық. Өзгелерден асып түспесе, кем түспей тұр! Мұндай жүйені енгізгені аздай, чегіңізге де көрсетіп беруден тайынбайды.

P.S. Фотосалон егесі «Гебель» жеке кәсіпкерлігі салық комитетінде тіркеуден өтерте айналысатын қызмет түрін «фото шығару, фотожабдықтар сату» деп көрсетсе де, бұл тізімде «вирус өлтіру» қызметінің де бар екені күмәнді. Мүмкін, қаржы дағдарысының ең болмағанда компьютерлік вирустарды осындай жолмен болса да өлтіруінде пайдасы болып тұрғаны шығар...

Асқар АҚТІЛЕУ

Комментариев нет:

Отправить комментарий